Көкпардан ересектер арасындағы XXV Қазақстан чемпионаты аяқталды.
1 мен 9-мамыр аралығында Жетісу облысы, Талдықорған қаласында көкпардан ел чемпионаты өтті.
Дүбірлі додаға 19-команда келіп, ел тарихында ең көп көкпар командасы қатысқан жарыс болды.
19-команда төрт топқа жеребе арқылы бөлініп, алғашқы бес күнде топтық ойындардың көркін қыздырды.
Нәтижесінде топтық кезеңнен сүрінбей өткен 8-команда ширек финалға жолдама алды. Олар Түркістан облысы, Қостанай облысы, Қарағанды облысы, Шымкент қаласы, Алматы облысы, Ақмола облысы, Жамбыл және Жетісу облыстары.
Аталған сегіз команда ширек финалда кездесіп, үздіктері жартылай финалға шықты. Бұл кезеңде Қостанай облысы азулы деген Түркістан облысын жеңіп жартылай финалға өткен еді. Ал, Шымкент қаласы, Жамбыл облысы және Алматы облысы қарсыластарынан басым болып, жартылай финалға жетті.
Шымкент қаласы мен Қостанай арасында өткен кездесуде шымкентттік шабандоздар 11-4 есебімен жеңіп, финалдық жолдамаға қол жеткізді.
Ал Жамбылдық «Әулие-ата» командасына Алматы облысы лайықты қарсылық көрсетті. Қос команда бірінші кезеңде есеп аша алмады. Екінші кезеңнің 9-минутында Алматы алдыға шықты. Бірақ ойынның аяқталуына 3 минут қалғанда Жамбылдың жігіттері есепті теңестіріп негізі кезең тең аяқталды. Ал, қосымша уақытта Әулие-атаның шебер шабандозы Ернат Мәлімбай алтын салыммен көзге түсті. Жеңіс Жамбылда.
Финалдық ойын да тартысты болады деп күткенде көп болды. Алайда ақтық сынға алқынбай жеткен Шымкент командасы Жамбылға қарсылық көрсете алмады.
Есеп 6-0. Жамбыл облысының «Әулие-ата» командасы ел чемпионатының жеңімпазы атанды.
Осымен Жамбыл облысы көкпардан ел біріншілігінің 16-дүркін жеңімпазы атанды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз және жүлдегерлерге арнайы диплом мен қаржылай сертификат табысталды.
Бас демеуші: Самұрық-Қазына қоры
Бас серіктес: Спортты қолдау қоры



